Сөгеті мен Мамайқайыңдының болашағы қандай?

1 058 Views

Өткен сейсенбіде Қайыңдыға жол тарттық. Мақсат – ауылдық округ әкімінің халық алдында берген есебін тыңдап, газет бетіне жазу. Бәлкім, бірі біліп, бірі білмес, сондықтан оны атап өткеніміз жөн болар. Қайыңды ауылдық округіне 3 елді мекен қарайды: Қайыңды, Сөгеті, Мамайқайыңды ауылы.
Қайыңды ауылдық округінің әкімі Азамат Асанбайдың 2020 жылы атқарған жұмыстары жөніндегі есепті жиналысы алдымен Сөгетіде өтті. Есепті жиналысқа аудан әкімдігі білім бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Самылтыров қатысты. Әкім өзінің «жылына бір баяндайтын» жылдық есепті кездесуіне тыңғылықты дайындалыпты. Қағазға жазылған баяндамасы «қолында бар» демесеңіз, «әкім мырза» мүлде оған қараған жоқ. Оны жиналыстың алғы сөзінде ауылдық округтің әкімі ескертіп өтті. Азамат Асанбай: «Өткен жылы атқарылған жүйелі жұмыстардың тізбегі мына бізге бес саусақтай белгілі. Сондықтан бірсыдырғы әдеттен арылып, мен сол атқарылған жұмыстарды қысқаша өз сөзіммен баяндайын, рұқсат етсеңіздер» деген еді, сөгетілік тұрғындар бірден әкім сөзін құптай жөнелді. Айтпақшы, есепті жиналыс Сөгеті ауылдық клубында өтті. Ауылдық кітапхана да осы ғимараттың ішінде орналасқан. Айтса айтқанындай-ақ, Азамат Асанбай өз баяндамасында жалпы ауылдық округ бойынша халық санын жатқа айтып берді. «Қайыңды ауылдық округі бойынша түтін саны – 357, тұрғын – 1806. Оның ішінде Қайыңды да 242 түтін, 1204 тұрғын, Сөгетіде 65 түтін, 322 тұрғын, ал Мамайқайыңдыда 50 түтін, 280 тұрғын бар. Ауылдық округ бойынша көгілдір отын мәселесі толықтай шешілген десем жарасады» деп ауылшаруашылығы, әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық, мәдениет, жастармен жұмыс, спорт, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жөнінде жыл бойы атқарылған толайым тірліктерді жіпке тізіп айтып берді.
Мәдениет демекші, Қайыңды ауылдық округінің әкімі Азамат Асанбайдың жылдық есеп жиналысы Сөгеті ауылдық клубында өтті дедік қой. Оның сиқы мынау (Суретте). Біз ертерек барып, тұрғындармен аз-кем тілдестік. Айтатындары – ауылдық клубтың іші «мұздай» суық. Олардың айтқандары айна-қатесіз шындық екен. Себебі, әкім есебі аяқталғанша өзіміз де сонда отырып, сіресіп қатып қалмасақ та, әбден тоңдық. Есепті жиналыста бұл мәселені тұрғындар ауылдық округ әкіміне айтты. Расымен де, елді мекенде газ бар да, ал ауылдық клуб әлі күнге дейін көмір жағып отыр. Іштей таң қалдық. «Осындай да болады екен ғой» деп. Ауылда газ жоқ болса, бір сәрі. Ауылдық кітапхананың да жайы оңып тұрғаны шамалы. Енді ғимараттың сиқы әлгіндей болып тұрса, қолдан келер шама қайсы? Ауылдағы бастауыш мектептің спорт залы жоқ. Ол да үлкен мәселе боп тұр қазір. Жарыссөз барысында сөгетілік тұрғындар осындай актуалды мәселелерді көтеріп, сауал қойды.
Азамат Асанбай айтылған ұсыныстарды басты назарға алып, алдағы уақытта жұмыс атқаратынын айтты. Сөгеті ауылдық кітапханасының кітапханашысы Дамира Қарақұлова ауылдық округ әкімінің жылдық есебіне қанағаттанарлық деген бағасын берді. Біз әлгі жағдайды бастан өткергеннен кейін, ауылдық клубтың «жырын» аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаевқа айтып едік, сала басшысы қуанышты жаңалығын бізбен бірге бөлісті. «Биыл Сөгеті ауылдық клубына жаңа қазандық орнатылады» деді ол. Ол да болса, аталмыш елді мекенге көрсетілген үлкен қолдау екені сөзсіз. Алайда, есепті жиында сөгетілік тұрғындар «Биылғы көмірдің сапасы өте нашар екенін айтып, ауылға жаңа клуб салып бермесе де, осы ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп берсе» деген ұсыныстарын жеткізді. Бұл жайдан аудан әкімі де хабардар екені белгілі. Аудан басшысы да тұрғындар тілегіне ден қойып, аталған мәселе ескерусіз қалмайды деп сенеміз.
Қайыңды ауылдық округі әкімінің түс ауа Мамайқайыңды елді мекенінде өткен есепті жиналысы да «қызуқанды» өтті. Ауылдағы бастауыш мектепте өткен жиналыста Азамат Асанбай елді мекенде атқарылған біршама істерге кеңінен тоқталып, әуелгі уәдесін екі етпей, баяндамасын қағазға қарамай айтты. Әкімнің әрбір айтқан сөзіне қарап, есепті жиналыста кемшіліктер айтылмайтын шығар деген ойда болғанбыз.  Алайда, сұрақтың көкесін төпелетті мамайқайыңдылықтар. Соның бірі Нұрлан Абдикулов. Өзі мұғалім екен. «Иә, елді мекенде газ бар, электр жарығы бар, медпунктіміз бар. Қуанамыз. Дегенмен, мына есепті жиналыс болып жатқан бастауыш мектептің сиқын қараңыздаршы. Сонау 70-жылдары салынған ғимаратта балаларымыз оқып жатыр. Мектеп ғимаратының шатырынан су ағып, төбесі құлады өткенде. Мына жиналыс информатика пәнінің кабинетінде өтіп жатыр. Іші тар. Ауылда мәдениет ошағы болса ғой, қазір сонда отырар едік. Кітапхана – білімнің ошағы емес пе? Бірақ, біздің ауылда ол да жоқ. Мына мектептің алдына ғой тегі, жол кедергі полициясын (лежачий полиция) салуды қанша жылдан бері айтып келем. Нәтиже жоқ» – деп ашынды мектеп ұстазы.
Ұстаздың жанайқайы орынды. Себебі, біз сол мектеп ғимаратының төбесінің құлап, оймақтай ойылып тұрғанын өз көзімізбен көрдік. Мамайқайыңдыда ауыз су мәселесінен де проблема бар. Осы жайттың барлығын мамайқайыңдылық тұрғындар ауылдық округ әкіміне ашуға булыға айтты. Олардың айтатындары, ат төбеліндей қызметі бар басшылар Мамайқайыңды елді мекеніне «болашағы жоқ ауыл ретінде қарамаса екен» дейді.
Азамат Асанбай айтылған ұсыныстарды хаттамаға енгізіп, халық сұранысын басты қаперге алып, жұмыс атқаратынын айтты. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Шолпанкүл Ошақбаева да жергілікті тұрғындардың ашына айтқан ұсынысы жөн екенін айта келіп, ауылдық округ әкімінің жылдық есебін қанағаттанарлық деп бағалады.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: