Кеңейтілген отырыс өтті
11 ViewsКеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Тұрар Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа Жамбыл…
Елімізде мемлекет басшылары ұсынған жобалар мен бағдарламалар өте көп. Бірақ, одан хабардар болып, оларды тиісті деңгейде кәдеге жаратып жүргендердің саны өте аз. Бұл – ел аумағында жауапты салалардың ақпараттандыру жұмыстары ақсап тұрғандығының айқын көрінісі.
Жуырда осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында Көкдөнен ауылдық округінде «Болашаққа бағдар» атты іс-шара ұйымдастырылды. Айта кету керек, аты аталған іс-шара Айбек Сәрсеханұлы тізгінін ұстаған аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілді.
Жалпы соңғы кездері Айбек бастаған ұжым ойға қонымды, өз нәтижесін беретін нақты жұмыстарды қолға алып келеді. Әсіресе, орталық қызметкерлері жоспарға сәйкес әрекет жасап, тиімді дүниелерді ғана орындауда. Солардың бірі – «Болашаққа бағдар» көшпелі керуені. Аталмыш көшпелі керуеннің мақсаты – аудан көлеміндегі әрбір ауыл, елді мекендердегі жастардың түрлі санаттарын барынша қамтып, оларға қатысты мәселелерді кең ауқымда көтеріп, нақты шешуге бағытталған. Сонымен қатар ұйымдастырушылар аудан жастарын барынша ақпараттандырып, кеңес беруді көздейді. Бұл туралы бізге орталық директоры Айбек Сәрсеханұлы кеңінен әңгімелеп берді.
– Бүгінгі таңда облыс көлемінде жастарға қатысты бірнеше өзекті мәселелер бар. Дәлірек айтар болсақ, жастардың жұмыссыз жүруі, жатақхана және баспанамен қамтамасыз етілуі, жас кәсіпкерлердің түрлі бағыттағы мемлекеттік қолдау тетіктерін білмеуі, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың жиілеуі, діни сауатсыздықтың артуы солардың қатарына жатады. Осы түйткілді мәселелерді шешу бағытында біз осы бір тың жобаны қолға алып, бүгінде іске асырып отырмыз. Өздеріңіз байқағандарыңыздай, іс-шара өз деңгейінде өтіп жатыр, – деп өз ойын ортаға тастады ол.
Расымен де көкдөнендіктер бұл іс-шараға зор ықыласпен қатысып, көкейдегі сауалдарына арнайы мамандардан нақты жауап алды. Атап айтар болсақ, тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үйге қол жеткізу, кәсіп ашу, жоғары оқу орнына түсу жолдарын сұрастырды.
Түс ауа дәл осындай форматтағы іс-шара Қарақыстақ ауылдық округінде де өткізілді.
Ж. СӘДУАҚАС.