Мақсат – айқын, жоспар – анық
Өткен аптада аймақтағы іргелі оқу орындарының бірі Құлан агротехникалық жоғары колледжінің мәжіліс залында «Nur Otan» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалының кезекті XXVIII есеп-беру сайлау конференциясы өтті. Аталмыш конференцияға партияның аудандық филиал төрағасы, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, «Nur Otan» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанатбек Арыстанбеков, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов бастаған депутаттар, бастауыш партия ұйымдарынан ұсынылған делегаттар және де бірқатар аудандық мекеме мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Партия жиналысының күн тәртібінде бірнеше өзекті мәселелер қаралып, ұзақ талқыға салынды.
Үстіміздегі жылдың басы саяси науқанмен басталғаны, сол бір дода да қай партияның асығы алшысынан түскені де баршамызға белгілі. Бес бірдей партия сайысқа түскен бәсекеде нұротандықтар қарсыластарынан оқ бойы озып, халықтың үлкен сеніміне ие болған болатын. «Nur Otan» партиясы аталмыш саяси науқанға үлкен дайындықпен келгені көпке аян. Партия өз кандидаттарын таңдау мен іріктеу жолында тұңғыш рет ішкіпартиялық праймеризін өткізіп, халық таңдауына ерік берді. Оған партия өкілдері өз кандидатурасын ұсынып, ашық түрде өткізілген дода да кіл мықтылар анықталды.
Партия атынан тіркелген кандидаттар 2020 жылдың 10 желтоқсанында басталған сайлауалды үгіт жұмыстарына белсенді қатысқанын атап өткеніміз жөн болар. Соның нәтижесі болу керек, «Nur Otan» партиясы сайлауға қатысқан аудан сайлаушыларының 81,9 пайыз дауысына ие болды. Біздің ойымызша бұл – анық әрі айқын жеңіс. Айта кетейік, үлкен сеніммен берілген дауыстар партияға аудандық мәслихат ұсынған 14 орынның 12 мандатын алуға мүмкіндік берді.
Партияның осы күнге дейін атқарған жұмысы мен алға қойған мақсаты өте көп. Әсіресе, пандемия кезінде бас партиялықтар ел тұрғындарына ауыз толтырып айтарлықтай көмектер бере алды. Мәселен, бекітілген кесте бойынша 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айында 245 өтініш түсіп, оның 88-і (36 %) оң шешімін тапқан. Қалған 160-на (64 %) заң аясында түсініктеме берілген. Ал 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айында партия аудандық филиалына 1951 өтініш түсіп, оның 1384-і (71%) оң шешімін тауыпты. Өтініштердің 567-сіне (29%) заң аясында толыққанды түсіндірулер беріліпті. Сондай-ақ, есепті кезеңде ішкі істер қызметкерлерімен, Әділет басқармасымен бірлесіп онға жуық жеке қабылдаулар өткізілген. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында жұмыспен қамту және қайырымдылық жасау жұмыстары жүйелі жүргізілген.
Бір қуантарлығы, тұрғындардан келіп түскен өтініштер де тасада қалып қоймаған. Атап айтар болсақ, көп балалы аналар, отбасы жағдайы төмен азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар және жалғызілікті қарттарға лайықты көмек көрсетілген. «Біз біргеміз» қоры арқылы 7 категорияның біріне жататын 1350 азаматқа 50 000 теңгеден 67 млн. 500 мың теңге көлемінде көмек көрсетіліп, 750 отбасына азық-түлік себеттері таратылып берілген.
Партияның әлеуметтік желідегі парақшалары да халықпен кері байланыс орнату құралына айналғандай. Ол жаққа да келген өтініш-тілектер мен барлық арыз-шағымдар тиісті деңгейде қаралып, орындалуы тұрақты түрде бақылауға алынған. Жиында аталмыш мәліметтердің барлығын «Nur Otan» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов мәлімдеді. Сондай-ақ, филиал төрағасы өз сөзінде саяси кеңестің, Саяси кеңес Бюросының, Партиялық бақылау комиссиясының, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің, «Nur Otan» партиясының аудандық мәслихаттағы фракциясының жұмыстарына кеңінен тоқталып, «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Жастар Отанға» деп аталатын партиялық жобаларға қысқаша шолу жасады.
Аудан басшысы сөз соңында дамудың серпінді жолын таңдаған мемлекетіміздің жаңаша сипатын қалыптастыруға әрбір партия мүшесі ерекше атсалысу керектігін алға тартты. «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттің бүгінгі жарқын белесін қалыптастырған, болашағын айқындайтын сындарлы саясатының жергілікті жерде табысты жүзеге асуы ең алдымен халықтың қолдауына, сеніміне байланысты. Сондықтан да аса құрметті жиынға қатысушылар біз партия Төрағасының сенімін ақтап, елімізді жарқын болашаққа жетелейтін қадамдарға әрқашан қолдау білдіруіміз қажет» деп партия мүшелерін бірігіп қызмет етуге шақырды.
Баяндама жасалған соң жарыссөзге «Каменка», «Көкдөнен», «Жібек жолы» бастауыш партия ұйымдарының төрағалары Мұратжан Мейманханов, Айгүл Қасеналиева, Бердіхан Бабасов шығып, өз сөздерінде конференцияның есеп беру баяндамасына «қанағаттандырарлық» деген баға берді. Ізінен мінберге «Jas Otan» Жастар қанаты бөлімше басшысы Әбіләшім Мырқасымов шығып, жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы айтып өтті.
Жиын соңында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ХXVIII есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар, аудандық филиалдың Саяси кеңес құрамына жаңа мүшелер сайланды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.