Гүл шоқтарын қойды

436 Views

Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 200 мың сарбаз аттанған екен. Соның ішінде 70 мыңнан астамы Жамбыл облысынан, ал ауданымыздан 6235 азамат Отан қорғауға аттанып, соның 3017-і туған жерге аман-есен оралыпты. Көңілге қаяу салатыны сол, жыл өткен сайын майдангер аталарымыздың қатары сиреп барады.
Мәңгілік мекеніне аттанған майдангерлердің есімі ешқашан ұмыт қалмауы тиіс. Керісінше кеңінен дәріптеліп, өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсетілуі керек. Сонда ғана жас буынның бойына отансүйгіштік пен патриоттық сезімді ұялата аламыз.
Өкінішке орай биыл Ұлы Жеңіс күні кең көлемде тойланған жоқ. Оған әсер еткен ең маңызды фактор – індеттің өршуі. Дейтұрғанымен, «індет өршіп кетеді» деп қол қусырып отыруға тағы да болмайды. Осыны түсінген аудан басшылары қарапайым қағидаларды сақтай отырып, жоспарға сәйкес бірқатар іс-шаралар өткізді. Солардың бірі – «Жеңіс» паркінде орналасқан соғыс ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым ету болатын.
Тәжтажалдың алдын алу мақсатында жоспарланған іс-шара­лар кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Алғашқылардың бірі болып мәңгілік алауға Қожайхан Бижанов бастаған ардагерлер гүл шоқтарын қойды. Аудан ардагерлерінің қатарында Райзо Шәділбеков, Ілес Бекебаев, Бармақ Орынбаев, Санат Қырықбаев сынды ауданға белгілі азаматтар болды.
Аға буынның игі бастамасын аудандық полиция және әскери бөлімнің қызметкерлері де жалғастырды. Олар да ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен батырларды еске алып, тағзым етті.
Айта кету керек, Ұлы Жеңіс күніне орай ауданда автошеру де ұйымдастырылды. Автошеруге қатысушылар орталық көше бойымен жүріп өтіп, аудан тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: