«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСАҚТАРЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

687 Views

Өткен аптада Луговой ауылында орналасқан орталық саябақта «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша ауқымды іс-шара өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, ауылдық округ әкімі Мұратбек Сванов, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Сәрсеханұлы мен Құлан агротехникалық жоғары колледжінің студенттері қатысты.

2005 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы биыл 16-шы рет түндігін түріп отыр. Осы аралықта жасылелдіктер ел аумағын абаттандыруға, көріктендіруге өзіндік үлестерін қосуда. Әрине, тегін емес. Олардың әрқайсына биыл 42500 теңгеден төленбек.

Елбасының қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы жастар арасында жоғары бағалануда. Ауыл игілігі үшін қолға алынған бұл бастаманы жастар осы күнге дейін нәтижелі түрде жүзеге асырып келеді.

Осы бір ауқымды бастамадан біздің ауданның жастары да қалыс қалмай, жылда өз еріктерімен «Жасыл ел» жасақтарының қатарын толықтыруда. Еріктілердің қатарында көбі Құлан ауылшаруашылық колледжінің студенттері. Аталмыш оқу ордасының білімгерлерінен биыл екі маусымға бас аяғы 42 студент тізімге ілігіпті. Әрине, бұл- көңілді марқайтатын, әрі қуантатын жағдайлардың бірі.

Жиын барысында алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев: «Жасыл ел» бағдарламасына жолдама алып отырған жастар – ертеңгі жас мамандар. Сіздер үлкен өмірге жолдама алып жатырсыздар. Бұл – еңбек етудің, тер төгудің алғашқы жолы ғана емес, Отанды сүйіп, ауылды ардақтай білудің үлгісі», — деп  жастарға ғибратты сөздер айтты. Осы бір сөздерді санасына түйіп, бойларында күш-жігері оянған жастар келген қонақтармен бірлесіп, саябаққа бірнеше тал-дарақтарын отырғызды.

Алдағы уақытта «Жасыл ел» жастары ауданымыздағы саябақтарды ретке келтіріп, аула және спорттық алаңдарды, «Жастар аллеясын», ауыл көшелерін тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізеді деп жоспарлануда.

Ал біз өз кезегінде ауданымыздың ерікті жастарына сәттілік тілей отыра, ауылды гүлдендіру жолындағы сапарларыңыз сәтті, еңбектеріңіз рәтті болсын демекпіз.

Жәнібек Сәдуақас.

Поделиться ссылкой: