Өткен күнде белгі бар…

618 Views

2019 жылдың мамыражай мамыр айында біз (иә, Шәрия менің он жыл бірге оқыған сыныптасым) Қаныш Сәтбаев атындағы мектепті (Жаңатұрмыс ауылы, Тұрар Рысқұлов ауданы) бітіргенімізге 50 жыл толуына орай «алтын ұя» мектебімізде бас қостық. Елу жыл … аз ба, көп пе? Оған уақыт таразы. Мен сонда Шәриякүлді 50 жыл бойы көрмегенмін бе? Әйтеуір, облыстық «Ақ жол» газетінде меншікті тілші болып жүргенімде осы «Ленин жолы» ауылына бірнеше мәрте барғаным бар. Тегі ауылдың атауын облыстық газеттің атымен «Ақ жол» деп те өзгертуге себеп болып едім. Сонда осы ауылға келін болып түскен сыныптасымды Жақан Әбжапаров кәриенің үйінен көргенмін, бірақ әдеп сақтап, онымен емен-жарқын сөйлесе алмап едім. Енді міне, сол Шәриякүлмен арада талай жылдарды артқа тастап, мектеп бітіруші жастардың «соңғы қоңырауында» жүздесіп, тіпті сырластық. Өйткені Шәрия біздің класта өзіммен бірге оқыған өте көркем, өзі оқу озаты болатын.
«Қыздың сыры қырық қақпа» деген рас-ау! 1969 жылы кәмелеттік аттестат алған соң, бәріміз тарыдай шашырап, жан-жаққа кеттік. Сонда Шәрияның Жамбылдағы пединституттың «физика-математика» факультетіне оқуға түскенін естігенмін. Ол ғой оқуын біткен соң, осы Ленин жолы ауылындағы Жауғаш батыр атындағы мектепке мұғалім болып келген екен. Менің Бақыткүл есімді тағы бір сыныптасым да осы ауылға жақын жердегі Тәтті орта мектебіне мұғалім болып жұмысқа тұрғанын «өткен-кеткеннен» естігенім бар. Иә, «қыз жат жұрттық» деген дұрыс екен. Осы қырмызыдай құлпырған екі қызымыздың екеуі де Тәтті ауылдық округінің жігіттеріне тұрмысқа шығып, отау құрды. Бақыткүл осыдан ширек ғасыр бұрын «о» дүниелік болып кетіпті. Жаны жәннатта болсын!
Жаңа мен «50 жылдан соң бас қостық» деп едім ғой…Уақыт шіркін екі беті нарттай жанып тұратын қызыл шырайлы Шәрияның жүзіне де әжім түсіріпті. Оның отыз жыл отасқан өмірлік жары Мақсұтхан кенеттен көз жұмған соң жеті баланы балағатқа жеткізу Шәриякүлге де оңай тимесе керек. Әйтпесе, Мақсұты жанында болғанда еш нәрсеге алаң болмай жүре беретін еді ғой. Жұбайы да өзі сияқты мұғалім, оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, директор болып, әкесі сияқты ауылға сыйы артқан азамат-тұғын. Жақан ақсақалдың өзі де, ұлдары да, тіпті бүгінде осы мектепті басқарып отырған Мақсұтханының ұлы Нұрсұлтан да білім жолын таңдап, өскелең ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беріп келеді. Жақан кәрие бір жылдары мектепті өз қаражатына күрделі жөндеуден өткізсе, немересі мектептің алдына Жауғаш батырдың бюстін орнатты.
Шәриякүл сыныптасым 40 жыл бойы осы мектепте оқушыларға физика мен математика пәнінен дәріс берді. Қазір зейнетте жүрсе де мектептегі әдеп кеңесіне мүше. Оның үстіне 4 ұл, 3 қыздан тараған 17 немере мен екі шөбере күміс алқалы ананы жалықтырмайды. Өйткені олар оның медет тұтатын перзенттері. Үлкен ұлы Нұрмолда мен ортаншысы Ерлік органда қызметте. Шәкеңнің шәкірттерінің біреуі Жанна Бейсенқұлова облыстық газетте бөлім басшысы. Өркен Мұстафин деген шәкірті мектеп директоры, Ануар Байжанов та басшылық қызметте.
– Батыр атындағы мектепте қырық жыл еңбек еттім. Біздің ұжым өте ұйымшыл.Менің Нүсіпжан Құлажанов, Еңсебек Райымжанов, Кенжекүл Әбдірайымова, Баршакүл Жапарқұлова, Айгүл Мамытбаева, Шахаризада Асанбаева, Шәрия Кендірбаева, Жұмахан Жантелиев, Алмагүл Құттыбаева, Талғат Әлімжанов сынды әріптестерім талай шәкірттердің жүрегіне жол тауып, оларды білім нәрімен сусындатқан нағыз білікті де, білімді ұстаздар, – дейді Шәриякүл Анықбайқызы.
Осыдан артық қандай баға беруге болады ұстаздарға. Енді бір жылда бәріміз де жетпістің «кемесіне» мінеді екенбіз. Уақыт шіркін зымырап өтіп барады. Өмір дегенің осындай – қамшының сабындай қысқа екен. Оны міне, жасымыз ұлғайған шақта біліп отырмыз. Ал Шәриякүл сыныптасым осы өткелдерден ұрпақтары ұлық­тайтындай, абысындары ардақтап, ақсақалдары мақтайтындай жақсы әдеппен өтті деп айта аламын. Өйт­кені ол жас кезінен-ақ, қазақы салт-дәстүріміздің қаймағын бұзбай үлкеннің алдында кішік, ұрпақтың алдында ұлық бола білген, ұстаз деген атқа лайық өнегелі өмір сүрген жан. Сондықтан оның орны әрқашан төрде. Мен осындай замандастарыммен мақ­тана аламын.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: