Жақсылықпен кел, Жаңа жыл
54 ViewsЖаңа жыл мерекесі аудан орталығында да, әрбір ауылдық округтерде де ерекше тойланды. Дәл сондай ерекше форматтағы Жаңа жылдық мерекелік кеш Көгершін ауылында да өтті.…
Аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысын кеңес төрағасы Шорабек Атабаевтың өзі жүргізіп отырды. Бұл жолы кеңес мүшелері аудандық полиция бөлімінің алты ай ішінде атқарған жұмысын талдау таразысынан өткізіп, аталмыш бөлімнің басшысы, подполковник Олжас Омарбековтың мазмұнды әрі нақтылы деректерге құрылған баяндамасын зейін қоя тыңдады.
Айту ләзім, баяндамашы алты айда атқарылған істерге терең талдау жасау арқылы жасалған 115 қылмыстың не себептен 32,2 пайызға өсіп отырғанын, 71 қылмыстың 66-сының ашылғанын қоғамдық кеңес мүшелеріне жайып салды.
– Әсіресе, – деді баяндамашы,-қылмыстың ең көп орын алған түрі алаяқтық. Дәлірек айтсам, интернет алаяқтықтан аяқ алып жүре алмайсыз. Осындай 15 дерек тіркелді. Біздің бөлімге: «Көгершін ауылынан төрт мал ұрланды» деген арыз түсті. Тексере келсек, бұл жалған шағым екен. Малды ұрлаған…айтуға аузым бармайды…сол үйдің келіні болып шықты. О заманда бұ заман «Келін ұрлықшы болды» дегенді естіп көріп пе едіңіздер?
Осы алты айда мал ұрлау бойынша бес дерек тіркеліп еді, оның екеуі ашылмай отыр. Бірақ жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Жалпы ішкі істер бөлімінде осындай күдігі бар 16 адам есепте бар. «Бір адам мал ұрлады» деген күдікпен қамауға алынды.
Полиция бөлімінің бастығы қоғамдық орындарда 14 қылмыстың тіркелгенін, 4 қылмыстың көшеде жасалғанын, кәмелетке толмағандар арасында да үш қылмыстың барын, 19 адамның мас күйінде осындай жөнсіз әрекетке барғанын, алты адамның топтанып қылмысқа барғанын жасырмады. Сондай-ақ, біздің облысымызда жол-көлік оқиғаларының өршіп тұрғанын айтты. Осындай 37 оқиға тіркеліп, 13 адамның қаза болғанын, сөйтіп бұл көрсеткіштің бұрын болып көрмеген деңгейге көтерілгенін нақтылы мысалдармен айтып қана қоймай, осы орын алған апаттардың басым бөлігінің «батыс Еуропа – батыс Қытай» автодәлізінің бойында болғанын айтты. Иә, аталған жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында аумақта қосымша патрульдік топтар құрылып, жолда жүру ережесін бұзған жүргізушілерді анықтау күн құрғатпай қолға алынуда.
Осы 59 оқиғаның 26-сының республикалық маңызы бар жолда орын алғанын айта келіп, О.Т.Омарбеков өзінің нақтылы ұсынысын білдірді. Осыған дәлел ретінде 19 миллион 366 мың 503 теңге айыппұл салынып, оның 12 миллион 678 мың 848 теңгесінің өндірілгенін мысалға келтірді. Үш жүзден аса көліктің «Ураган» базасына енгізілгенін, 81 тұлғаның есірткі заттарын тұтынатыны белгілі болған. Осы мерзімде 3 келі 769 грамм, 676 миллиграмм марехуана, 2 келі 287 грамм, 17 миллиграмм гашиш тәркіленгені де осының айғағы.
Баяндамашы аудандағы мектептер мен колледжде, балабақшаларда ювеналды полиция тобы профилактикалық жұмыстар жүргізгенін, 35 рейд өткізіп, түнгі уақытта қадағалаусыз қалған 318 балаға әкімшілік хаттама толтырылғанын да тілге тиек етті. Ал, интернет-алаяқтықпен күресті бүкіл қоғам мүшелерімен бірлесе отырып жүргізу керектігін баяндамашы баса айтты.
Баяндама аяқталған соң, баяндамашыға қоғамдық кеңес мүшелері Есен Бекенов пен Рахман Әбдіқадыров, Әбдіқадыр Оңалбековтер сұрақ қойды. Мәселен, Е.Бекенов Көкдөнендегі бағдаршамды ешкімнің бақылауға алмай отырғанын айтса, Р.Әбдіқадыров аудан орталығынан стационарлық полиция отыратын пункт ашу туралы ойын тағы да ортаға салды. Ал, кеңес мүшесі Әлен Сейітбеков Ақыртөбе ауылы тұсындағы жерасты өткелінің тар екендігін, онда мал өлімі көп болатынын, осыған орай, бір оңтайлы шешім шығару керек екенін айтты. Бұл сауалдың орындалуы екіталай екен, өйткені жоғарыдағы басшыларға қанша айтылса да, олар қаражаттың жоқтығын айтып, бұл мәселені көптен бері сөзбұйдаға салып келеді.
Отырыс соңына таман қоғамдық кеңес мүшелері М.Ыстыбаев пен Е.Жақсығұлов өздерінің баяндама туралы пікірлерін ашып айтып, баяндамашыға қанағаттанарлық деген баға берді. Ал, Қ.Арыстанбеков өз сөзінде көші-қон және автотұрақтарды кеңейту туралы ойын ортаға салды.
Қоғамдық кеңес мүшелері аудандық полиция бөлімінің басшысы О.Омарбековтың алты ай ішінде атқарған жұмысына қанағаттанарлық баға беру туралы бір шешімге келді.
Қ.сейсен.