Ұстаздың миссиясы – саналы ұрпақ тәрбиелеу

1 051 Views

Биыл аудандық басылымға келгеніме төрт жыл толады. Бүгінде қызығы мен шыжығы көп салаға бас сұғып, еңбек етіп жүргеніме өз басым еш өкінбеймін. Себебі, мен осы салада ғұмыры ғибратқа толы көптеген кейіпкерлермен кездестім. Нәтижесінде олармен сұхбаттасып, алдағы өміріме керек рухани азық жинай алдым. Дәл қазірде сол игі дәстүрді жалғау мақсатында өмірі өнегеге толы тағы да бір кейіпкер жайында сөз қозғауды жөн көріп отырмын.

Газет жұмысы өте қызық. Тіпті, оны жарыққа шығару барысында сан түрлі ақпаратпен сусындауың әбден мүмкін. Алдыңғы аптада бас редакторымыз Мұрат Тоқсанбайұлы шығармашылық ұжымды өз жұмыс бөлмесіне шақырды. Ондағы мақсаты – кәсіби мерекелерге арналған газетке байланысты жеке тапсырмалар беру болатын. Лездемеде алғашқы болып сөз алған басшымыз «Келер аптада қос бірдей мереке аталып өтеді. Оның бірі – қарттар күні болса, екіншісі – ұлағатты ұстаздардың кәсіби мерекесі. Екі мерекені ұштастырып, бұл жолы мейілінше мақалалардың басым бөлігін қарт ұстаздарға арнағанымыз жөн болар. Сондықтан да еселі еңбегімен ел аузын­да жүрген ардагер ұстаздар жайында сөз қозғайық» — деп талай жылдар бойы білім саласында қызмет етіп келе жатқан Әмізе Тәжіков туралы жазуды маған тапсырма ретінде жүктеді. Лездемеден шыға салысымен кейіпкерімізбен хабарластық. Бар мән-жайды түсіндіріп, белгіленген күні кездесуге уағдаластық.
Жалпы, ұқыптылық әрбір ұстаздың бойында бар қасиет. Соның дәлелі ретінде кейіпкеріміз белгіленген уақыттан кешікпей редакциямызға келді. Амандық сұрасып болғаннан соң, Әмізе Даданұлымен ұзақ пікір алмастық. Шынымды айтайын! Кезекті кейіпкерімнің бастан өткерген оқиғалары адамды мықты болуға, әділдік іздеу барысында әлсіздікке жол бермеуге үйретеді екен. «Е, балам! Мына біздің бас не көрмеді?! – деген кейіпкерім өз әңгімесін бір терең күрсініп алып бастады. «Адам баласы қандай да бір жетістікке жету үшін тынбай еңбектенеді. Сол салаға жаңалық әкеп, ерекше серпін бергісі келетіндер де бар. Бұл қасиеттердің менің де бойымда бар екенін бүгінде мақтана айта аламын. Бірақ, өмір деген әр қилы. Көтерілсең, аяғыңнан тартатын, құласаң күлетіндер де бар. Жасырып қайтейін, менің де өмірімде ондай жағдайлар көп болды. Қазір оның бәрін тізбектеп отырудың қажеті жоқ шығар. Дегенмен, өміріммен жақын танысқысы келетіндер болса, 2013 жылдың 19 тамызында «Егемен Қазақстан» газетінің № 272 санында жарық көрген «Ұстаз абыройына дақ түсірмейік» атты мақаланы толықтай оқып шықса болады. Республикаға белгілі қаламгер, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы сол жазбасында мен және менің басымнан өткен келеңсіз оқиғалар жайында кеңінен мағлұмат береді» деп еңбек жолын қалай және қайдан бастағанын, қандай жетістікке жеткенін әңгімелеп берді.
Негізінен, Әмізе Даданұлының өмірдерегіне үңілсеңіз өте қызық. Ол 1953 жылдың 25 наурызында қазіргі Луговой ауылында қарапайым жұмысшылар жанұясында дүниеге келген. 1960 жылы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап, 1970 жылы Калинин орта мектебінің он жылдық сыныбын бітірген. Дәл осы жылы «Ұлы Октябрь Революциясының 50-жылдығы» атындағы Жамбыл Педагогикалық институтының физика-математика факультетіндегі физика бөліміне түсіп, оны 1974 жылы ойдағыдай аяқтап шығады. Ал, ең алғашқы еңбек жолын Э.Тельман атындағы 8 жылдық мектепте физика пәнінің мұғалімі болып бастайды. Өз өмірдерегін баяндаған кейіпкеріміз дәл осы тұсқа келгенде кілт тоқтады. «Адам өз өмірінде үлгі тұтатын адамдар болады. Сол секілді менің де өмірімде ерекше орын алған жандар болды. Олар – Кеңес Жәкібаев, Қызылпан Сұлтанбеков және Әбжан Әміркенов. Осы ұстаздарымның ел алдында абыройы биік болатын. Сол кісілердей болсам деп армандайтынмын. Сол себепті де ешнәрседен тартынбай еңбек еттім» деп кейіннен Қызылпан Сұлтанбековтей ұстаздың есімі Жақсылық ауылындағы мектепке берілуіне ерекше үлес қосқанын мәлімдеді.
Иә, Тәжіковтың тынбай еңбек еткенін өмірбаянына қарап, оп-оңай көз жеткізуге болады. Мәселен, ол 1976 жылы Калинин орта мектебіне директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Одан соң 1979 жылы аудандық білім беру бөлімінің инспекторы болады. Сонымен қатар, 1979-1984 жылдары Луговой аудандық білім беру бөлімі қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін қосымша атқарды. Ал 1983 жылы Калинин, 1992 жылы Э.Тельман орта мектептерінде директор болды. 2000-2003 жылдар аралығында аудандық білім беру бөлімін басқарып, 2009 жылға дейін жоғарыда аталған қос мектептің тізгінін қайта ұстады.
2009 жылы аудан басшылары Әмізе Даданұлыға тағы да бір жаңа жауапкершілік жүктеді. Яғни, ұлағатты ұстаздың алдында жаңадан іргетасы қаланған Құлан орта мектебін басқару, ондағы жұмысты бір арнаға тоғыстыру ісі тұрды. Әмізе ағай бұл міндетті де абыроймен атқарып, сенімді ақтады. Осылайша 2016 жылы дәл осы мектептен зейнетке шықты.
Кейіпкеріміз республикалық, облыстық аудандық білім беру ұйымдарының тарапынан талай рет марапатталған. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Білім министрінің (1993), республикалық «Отан» партиясының (2004), Жамбыл облысы әкімінің (2006), аудандық және облыстық мәслихаттың (2009, 2013) 2001, 2005 жылдары аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ, аудандық, облыстық білім мекемелерінің және кәсіподақ ұйымының мақтау қағаздарымен марапатталған. Әмізе Даданұлының марапаттар қоржынын­да «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, Білім және Ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» атындағы медалі, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хаты, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін», «Мұхаммед Хайдар Дулати», «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» және «Енбек ардагері» медальдары бар. Сонымен қатар, Әмізе Даданұлына 2016 жылы ауданның «Құрметті азаматы» атағы да берілген.
Білімді де білікті басшы, ұлағатты ұстаз саналы әрі адами капиталы дамыған ұрпақты тәрбиелеуді өзінің өмірлік миссиясы ретінде ұстанғанын айтады. «Ұстаздың миссиясы – саналы ұрпақ тәрбиелеу. Мен әрдайым қоғамда бәскелестік тудыра алатын шәкірттерді тәрбиелеуді басты бағдар ретінде ұстандым. Өйткені, бәсекелестік болмаса, қоғам дамымайды деп білемін. Қоғам дамымаса, мемлекеттің аяғынан тік тұруы екіталай. Сондықтан да мен ұстаздарға дәл осындай талап қоятынмын. Сол ұстанған бағытым өз нәтижесін берді деген сенімдемін» деп өз әңгімесін аяқтады.
Бүгінде Әмізе Даданұлы Жамбыл облысы «Қандастар» қоғамдық бірлестігі Т.Рысқұлов аудандық филиалының дирек­торы ретінде қоғамдық жұмыс­тарды қатар атқарып келеді.

Ж.Кеңес.

Поделиться ссылкой: