Жасанды интеллекттің адамзат үшін пайдасы мен зияны
Қазіргі таңда үздіксіз дамып келе жатқан жасанды интеллект адамдар үшін қызық әрі алаңдаушылық туғызып отыр. Ғалымдар ХХІ ғасыр жасанды интеллект ғасыры екенін айтуда. Бүгінде әлемде жасанды интеллектінің алғашқы қарлығаштары әр салада қолданыла бастады.
Әрине, технологияның жетістігі адам игілігіне қызмет ететіні сөзсіз. Алайда, жасанды интеллект саласы үздіксіз дамыған сайын, көңілде алаң да жоқ емес. «Адамзат үшін оның қаупі қандай?» деген сауал бүгінде көкейкесті күйінде тұр.
Жасанды ақыл-ой технологиясының жетістігімен қатар, қаупін әзірге дөп басып айтқан ешкім жоқ. Алайда, жасанды интеллект қарқынды дамығаны сонша, бүгінде өлең шығаратын, жазу жазатын, тіпті адамның басқа да іс-әрекетін қайталайтын роботтардың пайда болуы адамның орнын «робот алмастырар ма екен» деген алаңдаушылық туғызуда.
Шынында, жасанды интеллект жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі ықтимал. Себебі қазіргі уақытта адамдар орындайтын көп тапсырманы технология орындайды. Бұл өндіріс, көлік және тұтынушыларға қызмет көрсету сияқты салалардағы жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін.
Қалай айтқанда да, жасанды ақыл-ой технологияларының дамуы – уақыт талабы. Ал оны тиімді пайдалану адам баласын әрдайым оқып, жаңаны үйренуге тиіс екенін көрсетіп отыр.
А.Тастанбек,
М.Х.Дулати атындағы Тараз Өңірлік университеті Web-журналистика мамандығының 3 курс студенті.