ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ

12 Views

ӨМІРБАЯНЫ
Үсіпбек Дидар Бердібекұлы 1996 жылы Өрнек ауылдық округіне қарасты Жарлысу ауылында дүниеге келген. 2019
жылы Тараз мемлекеттік инновациялық университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітірген. 2019
жылдан бастап «Балалар мен жасөспірімдердің туризмі және өлкетану орталығы» КМҚК-да қосымша білім беру педагогы
болып жұмыс атқарады.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті №11 бірмандаттық аумақтық сайлау округінің сайлаушылары! Егерде мен алдағы уақытта аудандық
мәслихат депутаттарының құрамына енетін болсам, төменде көрсетілген мәселелерді міндетті түрде қолға алатын боламын.
1. Біздің аудан агросаласы дамыған өңірлердің бірі. Қарышты қадаммен алшаң басқан салада мәселелер жоқ емес,
бар. Соның бірі – өнім өндіру. Иә, бізде арпа да, бидай да бар. Бірақ біз оларды тек бір мақсатта ғана қолданып келеміз.
Көбіне мал азығы ретінде тұтынудамыз. Меніңше, бұл тенденцияны өзгертетін әрі жоятын кез келді. Біз алдағы уақытта
өнім түрлерін жан-жақты өңдеуді арттырып, ауданда кіші зауыттарды көбейтуіміз керек. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау
тетіктерін қолдану – аса маңызды.
2. Тазалық – табалдырықтан басталады. Бүгінгі таңда экологиялық мәселелер де назардан тыс қалмауы қажет. Мен
сайлауалды бағдарламамда ауылды көгалдандыру, абаттандыру, санитарлық-тазалық жұмыстары үнемі жүргізіліп тұруына
баса назар аударатын боламын.
3. Әлеуметтік қорғау. Мүгедектерге, зейнеткерлерге, ардагерлерге, тұрмысы төмен отбасыларға және көпбалалы аналарға
үнемі көмек көрсетіп, олардың тұрмыс-тіршілігін бақылауда ұстауға тырысамын.
4. Медициналық қызметті қолжетімді ету. Меніңше, ауылдағы медициналық қызметтің сапасын арттыру – аса маңызды.
Және де ол еліміздің әрбір азаматына қолжетімді болуы тиіс. Қымбат дәрі-дәрмектерді мұқтаж жандарға кедергісіз әрі өз
уақытында беру жүйесін қалыптастыру керек. Ардагерлерді өз қалауынша жылына бір рет емдеу мекемелерінде тексерістен
өткізуді қолға алатын боламын.
5. Салауатты өмір салтын қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы. Осы орайда ауданымызда балалар мен жастардың
бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыруымыз керек. Ол үшін спорттық инфрақұрылымдарды дамытып, кестеге сәйкес
спорт залдар мен кешендердің қолжетімділігін арттыруымыз керек. Сондай-ақ, жастармен жақын қарым-қатынас орнатып,
үнемі жұмыс жүргізуіміз тиіс. Олардың маңызды мәселелеріне құлақ түріп, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы
ауылға жас мамандарды шақырып, оларға бос жұмыс орындарын ұсынуымыз тиіс.
Құрметті сайлаушылар! Еліміздің ертеңі, кемел келешегіміз бен жарқын болашағымыз үшін дауыс беруге шақырамын.
29 қарашада мені қолдаңыздар!

Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий