Құландықтар әлеуетін өз деңгейінде пайдаға жаратуда

691 Views

Құландықтар әлеуетін өз деңгейінде пайдаға жаратуда

Тұрар Рысқұлов ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңір активімен кездесіп, жыл басында бекітілген индикаторлық көрсеткіштердің орындалу жай-күйін жан-жақты талқылады. Өз кезегінде салалық басқарма басшылары өңір дамуында оң динамика сақталғанын, сәйкесінше ауданның потенциалының жоғары екендігін атап өтті. Ауданның экономикалық-әлеуметтік әлеуетіне 3 бағытта жүргізілген талдау нәтижелері осыны айғақтайды. Алайда аудан әкімдігі басқармалармен жасалған 131 индикатордан тұратын келісімнің 8-іне қол жеткізе алмады. Мәселен, құрылыс саласында ұсынылған 7 жоба әлі күнге дейін қолға

алынбаған. Себебі олардың жобалық-сметалық құжаттары талапқа сай түзілмеген. Есесіне ауданның агро саладағы жетістіктеріне көз сүйсінеді. Ауыл шаруашылық мақсаттағы 143 мың гектар жер толығымен кәдеге жаратылған. Тыңайтқышпен қамту ісінде де өзге өңірлерге үлгі болатын жұмыс бар. Мал, егін шаруашылығы бойынша да межелі міндеттер өз мерзімінде орындалған. Алайда Құландық шаруалардың субсидия арқылы алынған тыңайтқышты үстеме бағамен Қырғызстанға өткізетіні белгілі болды. Облыс әкімі әлгіндей әрекетке барғандарды «қара тізімге» алып, мемлекеттік қолдаудың барлық түрінен қалыс қалдыру туралы ұсыныс білдірді. Алдағы уақытта мұндай заңсыздыққа жол берген шаруалар мемлекеттен берілетін барлық жеңілдіктен айрылуы мүмкін. Сондай-ақ жерді игеру саласындағы жұмыстың сылбырлығы да өңір басшысының назарына ерекше ілікті. Есесіне шаруалардың жерге деген сұранысы жоғары. Тек жайылымдық мақсатта пайдалануға 219 мың гектар жер қажет етіледі. Шаруалардың қажеттілігін уақытылы өтеу уәде етілгенімен жерді мақсатты игеру бағытындағы жұмысты жүйелеуде жергілікті билік әлі де жайбасарлық танытуда. Ауыз сумен қамту жұмыстары да талапқа сай емес. 42 елді мекеннің 17-сі тіршілік нәріне зәру. Сондай-ақ 25 елді мекендегі 30 мың тұрғын орталықтандырылған суландыру жүйесіне қосыла алмай келеді. Салалық басқарма басшылығы ауданды газ бен ауыз сумен қамтудағы жұмыстың жоқтығын айтып, қателікке жол берген жауаптыларды жазалауды ұсынды.

Облыс әкімі Құландағы қарбалас тірлікке қанағаттанарлық деген баға беріп, кей саланың дамуына тежеу болған мәселелерді жан-жақты талдап, уақыт оздырмай шешу қажеттігін баса назарда ұстауды тапсырды.

Жамбыл облысы әкімінің

 баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: