ТАРАЗЫМНЫҢ ТЫНЫШТЫҒЫН БҰЗҒАН КІМ?
Менің Таразға қоныс аударғаныма екінші жылға аяқ басып барады. Әйтпесе, күні кеше ғана ауылдан яғни Құланнан көшіп келдім. Тараз ортағасырлық тарихи шаһар ғой. Мені Тектұрмас әулие мен Қарахан мазарлары бұрыннан-ақ қатты қызықтыратын. Қаламыз кейінгі кезде бұрынғыдан да түрленіп, көріктеніп кетті. Ал, енді осындай көне шаһар жақында бүлікшілердің шабуылына ұшырады. Облыстың «Нұр Отан» партиясы мен полиция департаменті ғимараттарына содырлар ойран салды, өртеп кетті.
Мен өзім бүкіл өмірімді бала тәрбиесіне арнаған адаммын. Сонда мен өзім тәрбие берген шәкірттеріме: «қолыңа қару ұстап алып бауырыңа оқ ат» деген жоқпын, қайта: «Отаныңды қорға!» деп үйреттім. Сонда бұл бүлікшілер қайдан шықты? Демек, біз: «мемлекет пен дін бөлек, мемлекеттік органдардың діни істерге араласуға құқығы жоқ» деген қасаң қағиданы әлі ұстанып келеміз. Мектеп қабырғасында оқып жүрген жастарымызға әлі де діни көзқарастардың аражігін ажыратып бере алмай жүрміз. Тіпті имам-молдаларымыздың өзі өздерінің уағыздарында хизбуттахрир, салафизм бағытын ұстанғандар туралы айтып, олардың қоғамымызға тигізетін кесірін көп сөз ете бермейді. Керісінше, бөтен пиғылды діни экстремизм өкілдері осымызды пайдаланып, жастарымыздың сана сезімін жат идеологиямен улап, оларға басқаша үгіт жүргізіп жүр. Әйтпеген күнде әлгі Алматы мен Тараз, Шымкент пен Қызылорда көшелеріне шығып, ұлттық құндылықтарымызды талқандаған бүлікшілердің санасында Отанға деген титімдей болса да жанашырлығы, патриоттық сана сезімі болса, бүйтер ме еді. Міне, біздің идеологиямыздағы кемшін тұстарымыз.
Иә, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген осы. Ол өзі күні кеше ғана арамшөп еді. Енді ол қаулап өсіп, қоғамымызға қауіп төндіріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрегендігінің арқасында еліміз сұмдық сойқаннан аман қалды. Иә, ұрыс, атыс-шабыс болған соң шығынсыз болмайды. Талай жүрек жұтқан ер-азаматтарымыздан айырылып қалдық. Пандемия аз болғандай, басымызға тағы бір нәубет келді. Бұл мемлекет басшысы айтқандай, мемлекетіміздің тәуелсіздігіне қатер әкелген төңкеріс болды. Қаза болған азаматтарымыздың отбасына қайғырып, көңіл айтамын. Дәл осындай сойқан болмаса екен деймін. Өйткені, «іштен шыққан жау жаман». Облыс басшысы өңірде жарияланған төтенше жағдайдың осыған байланысты жүргізіліп жатқанын ескеріп, облыс халқына Үндеу тастады. Ендеше ағайын, сақ болайық! Біздің күшіміздің бірлікте екенін дәлелдей білейік.
Дүйсен Жабықбаев,
зейнеткер.
Тараз қаласы.