Тіл – ұлттың жаны

145 Views

Тіл – бүкіл бір ұлттың жүрегі. Оның бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатыр. 

Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тамыры сан жылдар шабылып келді. Міне, ата-бабамыз аңсап өткен еркіндіктің самал желімен бірге ана тіліміз өркендеп, тамырын кеңге жаюда. Ана тіліміздің рухын биіктету мақсатында көптеген шаралар қабылдануда. Әлеуметтік желіде қазақ тілді контент көбейді. Алайда, тіліміздің әлі де ақсаңдап тұрғаны хақ. Қазір де арамызда байлығы мол ана тілімізге орысша қосатын «шала қазақ» саны артқан.
Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «Қазақтың тілі соншалықты мол. Ләкин қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді. Егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе» шіркін! Қазақ тілінің жанашыры, журналист Әлия Әшім кезекті сұхбаттарында қынжыла балаларының орыс тілінде сөйлейтінін айтты. Ол өз сөзінде: «Үй ішімізбен қазақша сөйлейміз, балалардың неліктен орысша сөйлейтінін түсінбей жылап жүрдім. Мән беріп қарасам, ауладағы қазақ балалардың барлығы орысша сөйлейді екен. Телефондағы балаларға арналған мультфильмдердің басым көпшілігі орыс тілінде. Қазір балаларға арнайы қазақша үйретіп жүрмін» – дейді күйіне. Міне, мәселе қайда жатыр. Елімізде балаларға арналған контент жоқ. Жалғыз балалар арнасы «Балапан» бар. Елімізде түсіріліп жатқан кинолар танымал журналист Данияр Есен атағандай, «дүбәрә тілді». Көру мүмкін емес. Арнайы «Disney» компаниясы қаржы бөліп су жаңа мультфильм «Ойжұмбақ 2» қазақша дыбысталып, халықтың еңсесі көтеріліп қалып еді. Алайда, кейбір кинотеатрлар қазақша дыбыстамасын көрсетілімге ұсынбағаны наразылық тудырды.
Қорытындылай келе, тіл – ұлттың жаны. Тілі өлген ел – тірі өлген ел. Ана тілімізді қастерлеп, өскелең ұрпаққа үйретуді ұмытпайық. Заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Тіл сөйлеу, сөйлесу, оқу- үйрету, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеудің біреуіне көңіл аудармау – үлкен қылмыс. Этика, эстетика дегендердің тым нәзік сырларын әр халық өз тілінде ғана еркін түсінсе керек».

Нұрай Нұрболқызы.

Поделиться ссылкой: