Аудандағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

17 Views

Осы аптада аудан әкімдігінің үлкен
мәжіліс залында аудан әкімі Ернар
Есіркеповтің төрағалығымен «Заң мен
тәртіп» конституциялық қағидатын
іске асыру жөніндегі ведомствоаралық
комиссияның отырысы өтті.

Жиынға жалпы жауапты тұлғалардан бөлек,
аудан прокуроры Ілияс Тойшыбеков пен Жамбыл
облысы Полиция департаменті Профилактикалық
жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы
Данияр Асылбеков қатысты.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралып, аудандық
полиция және білім бөлімінің жыл басынан бері
атқарған жұмыстарының нәтижелері сараланды.
Алғашқы болып баяндама жасаған аудандық
полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы
Асылбек Әбдірайымов құқық қорғау саласында
атқарылған жұмыстарға тоқталып, қол жеткізілген
жетістіктер мен орын алған кемшіліктерді атап
өтті. Оның айтуынша, он айдың қорытындысы
бойынша қылмыстың үш түрі бойынша өсім байқалған. Олардың қатарында мал ұрлығы да бар.
Бұл мәселеге ерекше назар аударған аудан
әкімі жауапты мекемелердің жұмысты күшейтуі
қажеттігін айтып, полиция, ауыл әкімдіктері
және ветеринария саласының өзара үйлесімді
әрекет етуі маңызды екенін атап өтті. Әсіресе
төрт түлікті қараусыз қалдырмау, мал иелеріне
түсіндіру жұмыстарын жүргізу және алдын
алу шараларын күшейту қажеттігін тапсырды.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, мал ұрлығының
басым бөлігі таулы аймақтарда орын алады. Бұған
басты себеп – малдың қараусыз жайылуы. Биыл
осы бағытта 9 қылмыс тіркеліп, оның 6-ы ашылған.
Сонымен қатар аудан басшысы жасөспірімдер
арасындағы құқық бұзушылықтың алдын
алу мәселесіне де айрықша тоқталды. Әсіресе
кәмелетке толмағандардың көлік құралдарын
заңсыз басқаруына және түнгі уақытта заңды
өкілдерінсіз көшеде жүруіне жол бермеу керектігін
ескертті. Бұл ретте ата-анамен жүргізілетін жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Жиында жасөспірімдерге қатысты 3 қылмыс
тіркелгені айтылды. Бұдан бөлек, кәмелетке
толмағандардың дүкендерден зиянды заттарды
сатып алуына байланысты 27 факті, ал түнгі
уақытта заңды өкілінсіз жүруіне қатысты 535
дерек тіркелгені айтылды. Бұл туралы аудандық
полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының
аға инспекторы Досмұхамед Жанасов пен аудандық
білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Анар
Базарқұлова кеңінен баяндады. Аудан әкімі бала тәрбиесіне баса
мән беру бүгінгі күннің өзекті мәселесі
екенін жеткізді. Осы бағыттағы жұмысты жандандырып, нәтижелі істі үйлестіру үшін
дәстүрлі тәсілдермен шектелмей, жаңа
әдістерді қолдану қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, елге танымал білікті
мамандарды шақырып, бала тәрбиесіне жауапты тұлғалар мен ата-аналарға
арналған арнайы дәрістерді аудан
көлемінде ұйымдастыруды ұсынды.
Жиын барысында аудандық прокуратура, полиция департаменті және
білім беру мекемелерінің басшылары
тарапынан да ұсыныс-пікірлер ортаға
салды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий