«Бастау бизнес» жобасы

800 Views

«Бастау бизнес» жобасы

Бүркітке үлкен жол ашты

 

Өзіне ұнайтын іспен тыңғылықты айналысып, оны ұйымдастырып, дамытып, бас

қара отырып пайда табу үшін жұмыс істейтін, тәуекелге жиі баратын, бизнес құрған адамдарды кәсіпкер деп атайды. Солардың бірі – Бүркіт Әмзеев. Бүгінде өз ісін дөңгелетіп отырған Бүркіт Елемесұлы төрт түліктің ішінен ірі қараны таңдап, мал бордақылаумен айналысып келеді. Кәсібінің аяқ алысы да жаман емес. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты «Бастау бизнес» жобасы аясында «Атамекен – Тараз» микроқаржы ұйымынан 2017 жылы 4 млн. теңге көлемінде қаражат алған азамат ірі қара малын бордақылап отыр.

Алғашында қолына тиген қомақты қаржыға қазақтың 22 ақбас бұқасын сатып алған

екен.  – Мал бордақылаудың да өзіндік тәсілдері бар, -дейді кәсіпкер.  — Бордақылау мерзімінің ұзақтығы түліктің түріне, малдың жасына, бастапқы салмағы мен қоңдылығына байланысты болады. Бордақылау мерзімі 3-4, тіпті 6 айға дейін созылуы мүмкін. Бордақылау кезінде малдың денесіне яғни, ірілігіне көбірек мән берген дұрыс. Неғұрлым ірі қараның денесі үлкен болса, соғұрлым еттің де сойысы молырақ болмақ. Сондықтан да, дәл менікіндей кәсіпкерлікті дөңгелетіп жүрген әрбір кәсіпкер мал таңдауға келгенде жаңылмағаны абзал. Жалпы алғанда, сиыр тәулігіне 800 – 1000 грамм үстеме салмақ қосып отырады. Процес кезінде етті молырақ беретін ірі қара ішінде еркек бұзаулар тиімді болып келеді. 12–14 айлық тайыншаларды бордақылау  3-4 айға дейін созылады. Бордақылау маусымында жас малдың салмағы 1,5 есе, еті мен майы 2 есе, етінің калориясы 3 есе артады. Сол себепті де, өз басым тайыншалар мен еркек бұзауларды таңдағанды жөн көрем. Бордақылау жұмысын  дұрыс ұйымдастырған жағдайда, ірі қара тәулігіне кемінде 1 кг салмақ қосып отырады, -деп осы кәсіптің қыр-сырымен бөлісті. Бәкең баптап отырған малдарына берілетін жем-шөбіне де аса ұқыптылықпен қарайды екен. Тәулігіне үш мезгіл тамақтандыратын ол уақыттың да біркелкі болуын басты назарда ұстайтындығын жеткізді.

Бүгінгі таңда «Мирас» шаруашылығында 12 бас ірі қара сойылымға дайын тұр. Әзірге жергілікті тұрғындарды сапалы етпен қамтамасыз етіп келеді. Болашақта мал басын көбейтіп, еліміздің басқа да өңірлеріне өнімдерін жөнелтуді көздеп жүр.

 

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: