Жергілікті полицияның жұмысы  сын көтермейді

1 261 Views

Аудандық мәслихат сессиясынан

Жергілікті полицияның жұмысы сын көтермейді

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен алтыншы шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті жиырма тоғызыншы сессиясынан осындай ой түюге болады. Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетсек, 2017 жылғы он жетінші сессия барысында да мәслихат депутаттары жергілікті полицияның жұмысын сынға алған еді. Дегенмен, жергілікті полиция сыннан қорытынды шығармаған секілді. Бұл жайында сәл кейінірек тоқталатын боламыз. Алдымен күн тәртібіндегі негізгі мәселеге көшейік.

Сейсенбі күні аудан әкімі Асқар Қырықбаев мәслихат депутаттары алдында алты айдың қорытындысына сәйкес, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. «Табысты еңбектің нәтижесінде алты айда айтарлықтай жұмыстар атқарылды» деген Асқар Санатұлы алдымен өнім көлеміне айрықша тоқталды. Былтырғы жылы ауданда шығарылған жалпы өнім көлемі 45 млрд. 836,6 млн. теңгені құрапты. «Биыл бұл көрсеткіш 47 млрд. 306,8 млн. теңге болады деп күтілуде» дейді аудан басшысы. Астықты ауданның өнім өндіру көрсеткішін сала-салаға бөлгенде ауылшаруашылығы саласының үлесі басым екені есепті баяндамада айтылды. Нақты айтқанда, ауылшаруашылығы өнімі 58,9 пайызды құрайды екен.

– Алты айда ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 5572,9 млн. теңгені, оның ішінде егін шаруашылығы 219,4 млн. теңге, мал шаруашылығы 5331,1 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,8 пайызға жетті, -дей келе ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, білім, мәдениет, денсаулық сақтау секілді сан түрлі саланы жеке-жеке жіпке тізген аудан әкімі алдағы уақытта атқаруы тиіс жұмыстарын да атап өтті. Есепті баяндамадан соң жарыссөзге шыққан халық қалаулылары Эльмира Зәкімбаева мен Сәтжан Мамырбаев аудандағы ілкімді істердің тікелей аудан әкімінің іскерлігі арқасында іске асып жатқандығын тілге тиек етті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келгенде бірі «қанағаттанарлық» десе, бірі оң бағасын берді. Алайда, Сәтжан Пойызбай ұлының айтуынша қыруар шаруаның қиюын келтіріп, ауданға қаржы тартып, қарекет қылған аудан басшысының жұмысын кейбір ауыл әкімдері мен сала басшылары кері кеткен көрсеткіштерімен жоққа шығаратын көрінеді. Көп өтпей соның айқын куәсі болдық. Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Қайрат Асанбаевтың есебін тыңдаған мәслихат депуттаттары баяндамашыны сұрақтың астына алды. Мәселен:

– Ағымдағы жылдың 6 айында аудан аумағындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз жол», «Есеп» секілді бірнеше жедел алдын-алу іс-шараларын өткіздік. Аталған алдын алу іс-шаралары өз жемісін берді. Нәтижесінде, қылмыс 43,1 пайызға төмендеді, -деген жергілікті полиция басшысына халық қалаулылары мен «Құлан дән» несие серіктестігінің басшысы Рахманалы Әбдіқадыров бірнеше жұмыс тауып берді. Депутат Мұрат Иманбаев жуырда ғана жөндеуден өткен орталық көше кеңейгенімен тұрғындар көліктерін базар маңында ретсіз қойып, жол қозғалысына кедергі келтіріп жатқанын айтса, депутат, сессия төрағасы Қадірбек Құлбарақов жеті елдімекенде қызметтік үйлер болса да учаскелік полиция инспекторлары өздеріне қарасты елдімекендерде тұрмайтынын, соның салдарынан көптеген қылмыстардың ашылмай, үйлердің де тозып кеткенін алдыға тартты.

Ал, ауданның Құрметті азаматы Рахманалы Әбдіқадыров көтерген мәселе расында да өзекті. Ол мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімін еншілеп, еңселі ескерткішін қойғанымызбен оның парқына бара бермейтінімізді ашына жеткізді. Әсіресе, жастар жағы көрнекті тұлғаны келемеждеп, ескерткіш қасына арақ шишасын, қолына стакан ұстатып кетеді екен. Орталық алаңда көліктерін шыр көбелек айналдырып, бір жәшік сыра үшін көлік жарысын ұйымдастыратын жастардың көптігін де сөз етті. Сондай түнгі жарыстардың бірінде бүтіндей бір отбасының қаза болғанын аудан жұрты ұмыта қойған жоқ. Осыны еске салған серіктестік басшысының «Жүгенсіз кеткен жастарды жазалап, тәртіпке шақыруы тиіс тәртіп сақшыларын оқиға орнынан кездестіру қиын. Жергілікті полиция жұмыс істесе, темірдей тәртіп орнатуға болады. Ол үшін ескерткішке жақын тұстан учаскелік полиция пунктін ашу керек» деген ұсынысын аудан әкімі де, мәслихат депутаттары да қолдады. Сонымен қатар, халық қалаулылары жергілікті полиция өкілдерін халықтың қауіпсіздігі үшін қалтқысыз қызмет етуге шақырды.

Мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл әкімдері мен бөлім, мекеме басшылары қатысқан сессия барысында депутаттар күн тәртібіне қойылған әртүрлі мәселелерді талқылай келе, келесі сессияның төрағасы етіп Қадірбек Құлбарақовты қайта сайлады.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

 

Поделиться ссылкой: