ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТТАР

12 Views

ӨМІРБАЯНЫ
Арыстанбеков Қанатбек Дәкенұлы 1969 жылдың 27 маусымында Абай ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін аяқтаған. Білімі – жоғары. Еңбек жолын 1994 жылы Абай
орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1996-2004 жылдар аралығында бастауыш кәсіподақ
ұйымының төрағасы, 2003-2005 жылдар аралығында Абай атындағы орта мектебінің алғашқы әскери пәнінің мұғалімі,
2005-2012 жылдары Абай атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып, абыроймен қызмет
атқарған. 2012-2022 жылдары «Нұр Отан» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары,
2022-2026 жылдар аралығында «AMANAT» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалының төрағасы, 2026 жылдан бастап
«Әділет» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалының төрағасы қызметін атқаруда. Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының
VII шақырылым депутаты болған.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті №10 сайлау округінің сайлаушылары! Мен Абай ауылында туып-өстім. Туған жерімнің тыныс-тіршілігін,
тұрғындардың күнделікті мәселелері мен ауыл өмірінің өзекті түйткілдерін жақсы білемін. Еңбек жолымда ұйымдастыру
мәселелерімен, жергілікті инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істеу бағыттарында қызмет
атқарудамын. Менің түсінігімде, ауданның дамуы ең алдымен тұрғындарды күнделікті толғандыратын мәселелерді
шешуден басталады. Атап айтқанда, жолдардың сапасы, ауыз сумен қамтамасыз ету, медициналық қызмет пен білімнің
қолжетімділігі, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту және өскелең ұрпақтың болашағына
жағдай жасау – әрдайым назарда болуы тиіс маңызды бағыттар деп ойлаймын. Әрбір елді мекеннің дамуына бірдей көңіл
бөлініп, тұрғындардың қай жерде тұратынына қарамастан, барлығына лайықты өмір сүру жағдайы жасалуы қажет деп
есептеймін. Өйткені әділдік дегеніміз – әрбір азаматтың мәселесіне құлақ асу, оның құқығы мен мүддесін қорғау және
қабылданған шешімдердің орындалуына жауап беру. Ұсынып отырған бағдарламам «Әділет» партиясының құндылықтары
мен бағдарламалық басымдықтарына негізделген. Мен үшін кез келген міндеттеме құр сөз күйінде қалмауы тиіс. Сондықтан
жұмысымның негізінде нақты міндеттер, белгіленген нысандар мен орындалу мерзімдері болады. Маңызды мәселелердің
ауданның даму жоспарлары мен бюджетінде ескерілуіне ықпал етіп, қабылданған шешімдердің жүзеге асырылуын бақылауды
және атқарылған жұмыстар туралы тұрғындар алдында тұрақты әрі ашық есеп беруді басты міндетім деп санаймын. Мен
үшін депутаттық қызмет – мәртебе емес, халық алдындағы аманат пен үлкен жауапкершілік.
Құрметті сайлаушылар! Менің мақсатым – Қарақыстақ, Абай ауылдық округтерінің әлеуметтік-экономикалық
дамуына үлес қосу, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және ауылымыздың өзекті мәселелерінің шешілуіне заң аясында
ықпал ету. Ауылдың дамуы – елдің дамуы. Ауыл тұрғындарының талап-тілегі мен мұң-мұқтажы жергілікті өкілді органның
жұмысында басты назарда болуы тиіс. Мен аудандық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде Қарақыстақ, Абай ауылдық
округтерінің мүддесін қорғауды, тұрғындардың ұсыныстары мен талаптарын аудан деңгейінде көтеруді және олардың
шешілуіне жүйелі түрде атсалысуды негізгі міндетім деп санаймын. Сондықтан 29 қарашада маған дауыс беріңіздер. Мен
сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий