ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ
ӨМІРБАЯНЫ
Баймұратова Айгерім Нұрсағатқызы 1990 жылдың 30 қазанында Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. 2008 жылы
Ақбұлақ орта мектебін тәмамдаған. 2008-2010 жылдары Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы көпсалалы колледжде
«Кітапханашы» мамандығы бойынша білім алған. 2018 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін
«Кітапхана ісі» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын кітапхана саласында бастаған. Осы салада кітапханашы,
библиограф қызметтерін атқарып, кәсіби тәжірибе жинақтаған. Қазіргі уақытта Т. Рысқұлов аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінде әдіскер болып қызмет атқарады. Кітапхана саласында жинақтаған тәжірибесі арқылы ауданның
мәдени-рухани дамуына, оқырман мәдениетін қалыптастыруға және кітапхана қызметін жетілдіруге үлес қосып келеді.
Отбасылы. 1 ұл,1 қыз тәрбиелеп отыр.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті №9 бірмандаттық аумақтық сайлау округінің сайлаушылары! Мен де өзін-өзі ұсыну тәртібімен аудандық
мәслихат депутаттығына кандидат болып отырмын. Мұндағы мақсатым – өзіме емес, өзгеге болысу. Сондай-ақ, тұрғындардың
өзекті мәселелерін көтеру, әлеуметтік жағдайды жақсартуға және ауыл болашағы үшін маңызды бастамаларды жүзеге
асыруға ықпал етсем деймін. Мен үшін депутаттық – мәртебе емес, халық алдындағы жауапкершілік. Әрбір тұрғынның үнін
естіп, ел мүддесі үшін адал еңбек ету – басты ұстанымым. Өзім мәдениет саласында, оның ішінде кітапхана ісінде еңбек
етіп жүргендіктен, менің алдымен руханиятқа көңіл бөлетінім анық.
Менің сайлауалды бағдарламамның бағыттары мынадай:
1. Ауылдағы мәдениет ошақтарының жұмысын жандандыруға және материалдық-техникалық базасын жақсартуға ықпал
ету.
2. Мәдени-рухани іс-шаралардың мазмұнын жаңартып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бастамаларды
қолдау.
3. Балалар мен жастар арасында кітап оқуға қызығушылықты арттыру.
4. Жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау.
5. Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған үйірмелер мен шығармашылық алаңдардың
ашылуына ықпал ету.
6. Жөндеуді қажет ететін көшелердің жол сапасын жақсарту мәселесін көтеру.
7. Ауыл тазалығы, көгалдандыру және қоғамдық орындарды абаттандыру бастамаларын қолдау.
8. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тұрақты тыңдап, олардың шешілуіне ықпал ету.
Құрметті жерлестер! Мен үшін ауылдың дамуы тек инфрақұрылымның жақсаруы ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың
білімді, мәдениетті, белсенді болуы. Өйткені дамыған ауыл – жағдайы жасалған орта ғана емес, рухани әлеуеті жоғары,
болашағына бейжай қарамайтын тұрғындары бар ауыл. Халықпен ашық байланыс орнатып, айтылған мәселенің назардан
тыс қалмауына, әрбір бастаманың нақты нәтижеге бағытталуына күш салатын боламын. Сондықтан мені қолдаңыздар!
